Газета «Наш Мир»
Рустам Арифджановтың 7 әңгімесі
Осы жазба арқылы мен, Рустам Арифджанов, біздің газетімізге Қазақстанда танымал болған «Құранды түсіну керек» кітабының авторы Юрий Михайловпен әңгімелесу циклын бастаймын.
Юрий Анатольевичтің россиялық «Ладомир» ғылыми баспасының директоры, ал оның кітабы Құран туралы және оның жәй адамдар мен халықтардың көшбастаушыларына да тура нұсқау беретін, әлемді оны Құдайдың қалай жаратқанындай етіп ашатын, адамдар мен жасампаздықтың сындарлы тілінде сөйлесетін Кітап екендігін баяндайтындығын еске саламын. Тағы да осындай тамаша кітапты жазуға Юрийді біріншіден, оның Құранға деген сүйіспеншілігі, екіншіден, Құранды түсіну мәселелеріндегі қоғамда қалыптасқан кері ағымшылдық пен келіспеушілігі итермелегендігін ескертемін. Үшіншіден, шамасы бұл ең бастысы болуы керек, Ислам туралы шынайы түсінік болмағандықтан және бұл дінді қоғам дамуы мен оның келешегінің тұтқасы ретінде қабылдауға деген немқұрайлылық қазіргі саясаткерлер мен билік басындағыларды кейде шатастырып жіберетіндігі өкінішті-ақ. Бірінші әңгімемізді біз Құранды аудару мәселелеріне арнаймыз.
— Сонымен Ю. Анатольевич, мен сіздің араб тілін білмейтіндігіңізден хабардармын. «Құранды түсіну керек» кітабын жазу барысында қай аударманы пайдаландыңыз?
— Мен бүгінге дейінгі Құранның орыс тіліндегі аудармаларының барлығын пайдаландым. Бұл дегеніміз менің жұмыс столымда жеке кітап болып басылып шыққан аудармалар ғана емес, Россия исламтанушыларының көптеген зерттеулері мен монографияларынан алынған сәйкес жазбалар- да жатқандығын білдіреді. Демекші олардың әрқайсысы, өз кезегінде, еңбектерінде өздері пайдаланған Құран қағидаларын дәл аударуға ұмтылды.
— Мінеки біздің алдымызда белгілі россиялық шығыстанушы Мухаммет Нури Османов аудармасындағы Құран жатыр. Мен сіздің бұл басылымның редакторы болғандығыңызды білемін. Бұл аударма сізге не үшін керек болды?
— «Құранды түсіну керек» деген кітабымды мен редакторы өзім болған Османов аудармасына Мемлекеттік сыйлық берілгеннен кейін бес жылдан соң жаза бастадым. Екі жылдан соң жазып бітірдім. Сонымен осы ұзақ жеті жыл ішінде мен көп ойландым. Сондағы түсінгенімнің ең бастысы бүгінгі күні бізге қаншама аударма болмасын, оның бірде бірі мінсіз емес және олай болмайды да. Себебі аударманың кемелдік дәрежесі аудармашының алдына қойған мақсат—мүдделеріне және әрине оның шеберлігі мен талантына тікелей байланысты. Енді міне өзім екі жыл еңбек еткен Османов аудармасы Османовтың өзі қойған кейбір мәселелерді ойдағыдай атқарып шығарды. Менің пікірімше, бұл аударманы Крачковскийдің жұмысын (XX ғасырдың басындағы Құранды аударушы) межелі ақырына жеткізу деп бағалауға болады.
— Крачковский өзінің аударма жұмысын қай жылы аяқтады немесе тастап кетті?
— Ол бұл жұмысты 1921 жылы бастап, оны бітірместен 30-жылдар шамасында тастап кеткендігін білемін. Шын мәнісінде Крачковский аудармасы туралы айтқанда шығару үшін көп күш жұмсаған оның жесірінің күшімен «Шығыс әдебиеті» баспасында жарық көрген кітап туралы айтамыз. Ал Крачковскийдің өзі болса, бұл жұмысты тірі кезінде басуға рұқсат бермеген болатын. Бұл оның әркез пайдаланған тиянақ-тұжырымдарына негізделген өз аудармасының қаншалықты қарама-қайшылықты екенін түсінгендігі себепті болды. Оның аудармасы жүйелі еңбектен гөрі жұмысшы жазбаларға көбірек ұқсайтын. Жеке, толыққанды Құран аудармасын жасауды ол ойлаған жоқ. Әйтсе де араб халифаты мен араб әдебиеті тарихын зерттей жүріп, өзінің жеке мүдделері мен қажеттеріне жарайтын көмекші аударма жасады. Осы бір піспеген дүниені біртұтас академиялық басылым ретінде ұсынуға шешім қабылдағанда, қайсыбір мағынада, Крачковскийге залал келтірілді. Себебі оны қайсыбір кемшіліктері үшін сынағанда, шын мәнісінде бұған ешқандай күнәсі жоқ адамды сынайды, өйткені, Крачковскийдің өзі мүлтіксіз аударма жасауға ниеттенбеген болатын.
— Бірден мынадай сұрақ туындайды. Немене Крачковскийге дейін орыс мәдениеті, орыс дінтануы Құран аудармаларын білмеді ме?
— Неге білмесін, білді. Алғашқыда ол еуропа тілдерінен аударма болатын, содан бізде мысалы, Пушкиннің данышпандық «Құранға еліктеуі» бар. Оны данышпан ақын жасағандығы емес, себебі, оның Құранды ғажап сезіне білуі француз тіліне аудармасы арқылы дәл мағынасында түсінуінде. Крачковскийге дейін ғылым Саблуков аудармасын пайдаланып келді. Бұл революцияға дейінгі аударма болатын. Әйтсе де көптеген мамандар осы күнге дейін өздерінің қазіргі жұмыстарында сол авторға жүгінеді. Сонымен қатар кезінде жарияланбаған Богуславский аудармасы да болды. Ол көптен бері мұражайларда сақталып келіп, жақында ғана жарық көрді. Жалпы алғанда оның аудармасы үлкен оқиға бола қойған жоқ. Дегенмен, егер оған өткенді шолу ретімен қарайтын болсақ, және егер ол орындалған уақытында шыққан болса, онда ол сөзсіз Россиядағы Құран аудармалары тағдырына едәуір ықпал еткен болар еді.
— Османов аудармасының ізімен, бірнеше жылдан кейін Әзірбайжан зерттеушісі Эльмир Кулиевтің Құран мағыналарының аудармалары жарық көрді. Оның осы жұмысын қалай сипаттауға болар еді? Өкінішке орай бұл аударма менде қынжылыс сезімін тудырғандығын айтуым керек, себебі, осы екі басылымды салыстыра отырып, менің пайымдауынша Кулиев аудармасы негізінде Османов аудармасы жатқандығын аңғармау мүмкін емес. Бірақ Эльмир Рафаельұлына Нури Мухамметұлы аудармасындағы Құранды тыңғылықты оқып шыққандығы үшін ғана алғыс айтуға болады. Әйтсе де Кулиев жаңа дүние жасаса деп едік, бірақ нәтижесінде мәтіннің жартысынан астамы Османов аудармасын қайталайтындығын көріп отырмыз.
— Тағы да Порохованың атышулы және қорықпай айта аламын, сәнді аудармасы және бар. Валерия Михайловна әрине Құранға қызығушылық танытқан адамдардың, әсіресе, Крачковскийдің көпшілік аудармаларының баспадан шығуы қарсаңында бұл Кітап аудармасының құрғақ телеграф тілінде ғана орындалып қоймай, кейбір әдеби құндылықтарға да ие болуы мүмкін екендігін түсінуіне зор ықпал етті. Порохова Құран мағынасының құрғақ аудармаларына белгілі дәрежеде көркемдік енгізуді мақсат ете отырып, оны ойдағыдай орындап шықты.
— Османовтікінен басқа аудармаларды Сіз түгелімен сынға алған болып шықтыңыз. Сонда өзіңіз тікелей қатысқан Османов аудармасының басылымы сіздіңше ең жақсы болғаны ма?
— Меніңше ғана емес мамандардың монографияларында осы аударманың бүгінгі күні ең жақсы аударма екендігі шындық ретінде мойындалған. Бірақ бұл әлі мұсылмандардың және тек олардың ғана емес, өзгелердің де иемденгісі келген аударма емес. Сондықтан да алдағы мақсат нақты да, айқын жаңа аудармалар үшін мамандар дайындау қажет. Сонда Құранды аудару дегеніміз не өзі? Бұл жағдайды мен әрқашан мұхитпен салыстырамын. Құранды аудару — бұл бір әрқашан жанды да көп реңкілі мұхит суреті іспетті, бірақ ол толастаған бір сәті ғана бейнеленген суреті. Келесі сурет — тағы бір сәті, басқасы бірақ. Құранға біз мәңгілік әрі ескірмейтін жанды ілім — аян деп қарайтын болғандықтан, оған тек бір сәті ғана бейнеленген аударма түріндегі лездік суреттен басқа ешнәрсе де ала алмаймыз. Бірақ ол суреттерді түсіру керек және оны қандай аппаратурамен, қандай оптикамен жасайтындығымыз, түсірудің қай амалын пайдаланатындығымыз өте маңызды. Не ол әуесқойлық пен бұлдырланған оптика, не ол сапасын жоғалтпай қоймайтын басқа суреттердің көшірмесі.
— ... не цифрлық телескоп.
— Ия. Егер керек болса.
— Ю. Анатольевич сонда Құранның жаңа аудармасы керек болғаны ма?
— Әлбетте, және бір ғана емес.
Құранды аударудағы қиындықтың тосындығы, сөзбен жеткізіп болмайтын құдайлығы мен ұқсатылмастығын сөзбен жеткізу қажеттілігі. Құранның аудармасы туралы не айтуға болады, егер осы уақытқа дейін Россияда бірде бір шетелдік көркем әдебиет шығармасының мінсіз аудармасы болмаса? Бізде Гетенің «Фаусының» мінсіз аудармасы жоқ, Шекспир де жоқ. Әрине Құранның көркемдік ерекшеліктерін, асқақ мәндерін, жоғары буынын жеткізуге болар еді, бірақ әркез оның мазмұнына нұқсан келтірілмек. Егер біз Құран мазмұнын ең жоғары қалыпқа жеткізгіміз келсе, онда бізге Құран сөздерінің мағыналары мен мәндерінің бар қабатын беруге тура келеді, бірақ, бұл түрінде, маған сеніңіздер, оны оқу мүмкін болмай қалады. Кез келген аударма бірінші жағдайда да екінші жағдайда да кедергілер мен шығындардың белгілі пайызын алдын-ала жобалайды.
Кейбіреу өзінің аудармасымен түпнұсқаға жетпіс, алпыс пайызға жақындауы мүмкін, ал екіншісі біреудің жетпіс пайызын алып өңдеп, одан алпыс пайыз шығарып, жаңа дүние жасадым дейді. Аударуға талпыныстың көп болуы мүмкін. Бірақ мәселе басқада — бәрінің де шегі бар. Құранды дәл аудару мүмкін емес, бірақ соны қалай жасау керектігін ойластырған жөн.
Бүгінде мен орыс тілі мүмкіндіктерін шегіне жеткізіп пайдаланып, соны амалдап Құранды барынша толық өрнектеуге үміттенетін бірде-бір адамды білмеймін. Егер орыстың ұлы ақыны Александр Пушкин араб тілін білген болса, мұсылман болып Құранды аударуға кіріскен болса, мүмкін сонда орыс мәдениеті ең жоғары сапалы аудармаға ие болар ма еді.
— Ю. Анатольевич осы әңгімеміздегі соңғы сұрақ болсын. Біздерге, Құран көп те азда болса сәтті аударылған араб, ағылшын, француз тілдерін білмейтін мұсылмандар мен мұсылман еместерге не істеу керек? Қай аударманы оқуымыз керек?
— Меніңше, бүгінгі қолда барды түгел пайдаланған жөн. Әрине тек аударманы ғана оқып қоймау керек. Құранды тек аударма шеңберінде түсінгісі келгендер оны түсіне алмайды. Зерттеулерді, көпшілік кітаптарды оқу керек. Сонда ғана сіз аудармашының сәтсіз сөз саптауларының өзінен-ақ Құранда оның дұрысы қалай болатынын сезінетін боласыз. Мысалы, протестанттықтар тарапынан Библияны сынау, атап айтқанда XX ғасырдың ең ұлы дінтанушыларының бірі Карл Барт тарапынан сынға алудың мәнісі, оның пайымдауынша, адамдар Библияның дәл емес мәтіндерін «күнәлі» сөздермен жазған. Сонда «біз шын мәнісінде не жазылғанын қайдан білеміз?», — дейді Карл Барт. Сонымен ол Библия мәндерін оқу барысында Құдай оны дұрыс қабылдауға адамға өзі көмектеседі деп есептейді. Менің ойымша құран оқығанда да осылай болуы тиіс.
— Рахмет. Осымен доғарайық. Құран және оның аудармалары туралы мен «Ладомир» ғылыми баспа орталығының директоры және «Құранды түсіну керек» атты кітаптың авторы Юрий Михайловпен әңгімелескендігімді ескертемін. Келесі нөмірде жалғастырамыз. Көріскенше күн жақсы болсын.
Таир Адилов. Рустам Ариджанов. Орысшадан аударған Шерәлі Біләл |